Қызғалдақ Бүгін қуанышты еді. Себебі.... Себебі ол алғаш болып тіл қатты. «Сәлем. Құлпырып кетіпсің!». Осы екі ауыз сөз жүрегін тулатқан. Өзінің қатты қызарғанын білдіргісі келмеп еді. Бірақ... Көп күліп қойған тәрізді.Сәлем. Рахмет. Аузына басқа сөз түспеді. Не ойлап қалды екен? Сезіп қалмады ма? «Тек сен үшін құлпырып жүрем ғой». Ішінен айтты.Өз ойынан өзі ұялып кетті. Тез-тез басып подъездге кіріп кетті. Артына бұрылып қарағысы келіп еді. Айбарлы да сүйкімді жүзіне тағы бір көз салмақ болған. Жо-жоқ, қасында тұра берсем деп ойлаған. Кейде таңертең есігіне қыстырып кететін қызғалдақтары үшін рахмет айтқысы келген. Таңертең оянғанда сіз туралы ойлаймын дегісі келіп еді. Үйден шыққан кезде кездесіп қала ма екен, алдымнан шыға келер ма екен деп үміттенетінін де жасырып қалғысы келмеген. Ұялды. Жүрегі дауаламады. Бар білетіні, қалықтап бара жатқандай күй кешкені. Тәтті сезімнің жетегімен өз есігінің алдына қалай келгенін білмей қалды. Есік тұтқасында ілініп тұрған қызғалдақты көрді. Дәл бұрынғыдай. Белінен қызыл лентамен буылған алқызыл қызғалдақ. Жүрегі лүпілдеп кетті. Оның артынан тұра жүгіруге аз қалды. Қуып жетіп, мойнына асыла кеткісі келген. Толқып кеткен еді. Кілті бола тұра, қоңырауды басты. Есіктің ар жағынан анасының даусы естілді: -Бұл кім? Қыз селт етіп есін жиып ала қойды. Ұялып қалды. Жанталаса гүлді ала сала, кілтіне жармасты. Үлгермеді. Есік ашылды. -Қызым, кілтің бар емес пе? Қыздың жүзі алаулай қызарды. -Ұмытып кетіппін. Гүлді анасынан жасыра түсіп, ішке имене енді. Есікті жауып жатқан анасының жымиғанын байқап үлгерген. Аяғының ұшымен, жеңіл басып бөлмесіне кіріп кетті. Кіре сала бірден, гүлді вазаға салды. Осымен бесінші гүл. Қызық, қызғалдақты ұнататынын қайдан білген. Раушан гүлінің қасында осы қызғалдаққа жаны құмар. Көктемде ғана қуантып, қалған кездері сарғайта сағындыратындықтан шығар. Алқызыл гүлді құшырлана иіскеді. Оны есіне түсіргендей. Сұсты қабағы мен мейірімді жанарын елестеткен. Шыдай алмай балконға жақындады. Мүмкін оны көріп қалармын деген үміт.Аулада, қарсы есікте тұратын мүгедек көрші жігіттен басқа таныс ешкімді көрмеді. Әдетінше қалың кітабын құшақтап, әткеншектің жанына орналасыпты. Қолындағысы-әдеби кітап емес, орыс тіліндегі әлдебір ғылыми оқулық. Өзінен төрт-бес жас үлкен екенін білетін. Қай жылдары болған көлік апатынан соң арбаға таңылғанын естіген. Қарсы тұрған соң, анда-санда есік алдында ұшырасатын. Бас изеп амандасып, ізет сақтап амандық біліскеннен басқа, шешіліп сөйлескен емес.Есімін де білмейді екен. Шынына келсе, қыз бұл жігіттен қорқатын. Жігіттен емес-ау, арбадан шошынатын еді. Арбадағы жігіт мұны байқап қалып, қолын көтерді. -Сәлем. Халыңыз қалай? -Жақсы. Өзіңіз?-деді қыз сәл тосылып барып. -Жаман емес. Мерекеңізбен!!! Қыз күлді. -Рахмет. Ерте құттықтап тұрған жоқсыз ба? Әйелдер күніне әлі бес күн бар -Жоқ. бүгін жазушылар күні-деді жігіт кітабын көрсетіп-бұл әдеби кітап емес, әрине. Бірақ сонда да. -Рахмет. Сізді де құттықтаймын. Сіз случайно, жазушы емессіз ба? Жігіт бір сәтке үнсіз қалды. -Кезінде физик –ядорщик мамандығына оқығам. Бірақ... –деп жігіт күмілжи берген. Қыз ыңғайсызданып қалды. Не айтарын білмеген. -Сіз ақылды жігіт сияқтысыз-дей салды. Жігіт жауап берген жоқ. Осы сәтте асүйден қыздың анасы дауыстады. -Сізді шақырып жатқан сияқты-деді жігіт Қыз қолын жеңіл көтеріп, қоштасудың ишарасын жасады да ішке кіріп кетті. **** -Кино ұнады ма? -Ия-деді қыз,-бірақ мен театрға барғанды ұнатамын -Барып көрмеппін. -Мүлде бармағансыз ба?-деді қыз шынымен таңданып. -Жоқ. Қызыққан емеспін. Театр қазір модада емес. Тауып айттым деп ойлаған болу керек, жігіт ыржиып күлді. Бірақ қыздың ойлы жүзбен қарағанын байқап қалды да, езуін тез жиып ала қойды. -Сізді романтик шығар деп ойлағам.-деді қыз шын ойын жасыра алмай. -Мен реалистпін. Романтик болу қазіргі заманда еш пайдасы жоқ. Өмірге деген нақты көзқарас керек. Ертегіге алданатын романтиктердің заманы өткен. -Романтик бол-ертегіге алдану деген сөз емес. ОЛ жай ғана жан дүниенің сұлулығын жеткізу. Былайша айтқанда, осы өмірдің тек жақсы жақтарын сезіне білу, соны көре білу. -Солай ма?-деді жігіт қыздың қолынан ұстап. Қыздың бойын тоқ ұрып өткендей болды. Жанына жағымды сезім бойын баурап бара жатқандай еді. Қолын тартып алмақ болған, бірақ жігіт жібермеді. Олай болса-деді жігіт қызды тоқтатып-олай болса, мен осы сәтте өмірдің жақсы сәттерін бастан кешіп отырмын. Сұлу қыздың қолынан ұстап тұрмын. Енді мен романтикпін ба? Қыз жымиды. -Үйге жеткенше романтик болуды есіңізге түсіретін боласыз. -Қалай сонда? -Қыз балаға үнемі гүл сыйлайтын жігітті қалайша романтик емес деп айтуға болады? -Мен ба?-деп жігіт масаттана күлді- мені үнемі қызға гүл сыйлайды деп ойласаңыз қателесесіз. Бір-екі рет болған шығар. «Бір-екі рет емес, бес рет болды» деді қыз ішінен. -Жалпы гүлді не үшін сыйлайсың. Бәрірбір лақтырып тастайды. Жақсысы қызға иіссу ғой керегі.-деді жігіт сөзін жалғап. -Ооо! Талғамыңыз жоғары екен. Қыз баланың көңілін табуды біледі екенсіз. Басе, қалайша тез біліп алды десем -Нені?-деді жігіт таңдана -Менің қызғалдақты жақсы көретінімді. -Қызғалдақты ұнатушы ма едің? -Қойыңызшы. Сіз әдейі айтып тұрсыз ғой. Менің ашуыма тиіп. Жігіт күлді. -Шынымен айтам.... А бұл мүмкін намек болар. Жарайды, тілегіңізді орындайын, ханшайым!! «Әдейі жасап тұр осылай» деп ойлады қыз -Қалайша?-деді сосын түсінкіремей -Үйге жақындағанда көресің. Шыда. -Үйге де жақындап қалдық-деді қыз наздана күліп. -А ия айтпақшы, ұмытып кете жаздадым. Бері жүр-деді жігіт қыздың қолынан тартып. Жетектеп жолдың арғы бетіндегі гүл сататын дүңгіршекке алып келді. Әлі жабыла қоймаған сияқты. -Міне, бүгін ерекше күн!-деді жігіт қызды дүңгіршектің алдына келгенде тоқтатып-Бүгін мен. Өмірімде бірінші рет, шын ниетіммен сіздей сұлуға гүл сыйлағалы тұрмын. Қыз күліп жіберді. Жігіт ыңғайсызданып қалды. Келер сәтте «айн момент!» деп ілтифат көрсетіп иілді де дүңгіршекке кіріп кетті. Көп кешікпей қайтып шықты. Бір құшақ қызғалдақты қызға ұстада берді. Қыз зорлана жымиды. -Рахмет!!! Бірақ сіз шынымен де қызық адам екенсіз. -Неге деді жігіт-әлде сізге бес қызғалдақ аздық етіп тұр ма? -Жоқ . Бірақ одан да бұрынғыдай есігіме білдірмей белі лентамен буылған бір қызғалдақтан күніне іліп тұрсаңыз, тітпі тамаша болар еді. Бірақ сонда да үлкен рахмет Жігіт ыржиып күлді. -Келесі жолы есімде болады. «Әдейі айтып тұр» деп ойлады қыз тағы да. Бірақ ойын сыртқа шығарып айтпады. Екеуі енді қозғала берген кезде дүңгіршектен арбадағы жігіт шығып келе жатты. Алдына қойған бір тал қызғалдақ гүлі бар. Бір ғана гүл. Қызыл лентамен байланған қызғалдақ гүлі. Екеуін көріп кілт тоқтай қалды. Қыз аңтарылып қалды. «Сен екенсің ғой» деп ойлап үлгерген. Арбадағы жігіттің алдындағы гүлден көзін алмады. Келер сәтте мүгедек жігіт, селт ете қозғалып, екі ғашыққа таяй берді. -Мынау сізге! Ертең келе жатқан мерекеңізбен! Сөйтті де бұрылып жүре берді. Қыздың көзіне мөлт етіп жас тірелді. Бар болғаны, арбадағы жігіттің соңынан қара тұра берді. « Бұл сен екенсің ғой» деп ойлай берген, үнсіз егіліп, іштей жылады. Мүгедек жігіттен кешірім сұраған. Бірақ іштей ғана. Артынан дауыстауға дәті шыдамады. Мүгедек жігіттің егіліп жылап бара жатқанын ешкім сезген жоқ

Теги других блогов: Қызғалдақ қуаныш қасында