Хат Бүгін тағы жаңбыр жауып тұр. Сіз білмейсіз ғой, бірақ жаңбырлы күн менің жаныма тәтті мұң сыйлайды. Жаным жабырқап, жанарым мұңданса да, жүрегімнің сыздағаны тыншығандай болады. Мен әсіресе көтемнің жаңбырын ұнатам. Себебі сізді ең алғаш көктемнің кешінде жолықтырдым. Жаңбырлы кешінде. Сол көктен төгілген нөсер секілді, көңілімді нөсерлетіп ендіңіз тағдырыма. Бірақ жаңбырлы түннен кейінгі ашылған аспандай жаным жадырай қоймады. Көңілімнің күні бір көтерілмей-ақ қойды. Сол үшін сізді жек көрем де. Бірақ сіз менің өміріме мән бердіңіз. Сізді сағыну-өмірімнің мәні. Қолым жетпейтінін біле тұрсам да, сізді аңсауды бақытым деп білем. Екеуміздің алғаш кездескеніміз есіңізде ме? Жаңбыр аяқ астынан құйып кеткен күн. Жаңбыр бұлай тез жауып кетер деп ойламаған едім, нан алуға дүкенге шыққанда қолшатырсыз, жеңіл киіммен шыға салғанмын. Ал қайтар кезде төпеп тұрған жаңбырдан қорғанып дүкеннің тар шатырын қалқаланып ұзақ тұрып қалдым. Бір кезде сіз келдіңіз. Ең бірінші байқағаным-күлкіңіз әдемі екен. Әлдекіммен телефонмен сөйлесіп аз бөгелдіңіз. Мені бірден байқағаныңызды ішім сезген. Күлімдей түсіп, маған қолшатырыңызды ұсынғаныңыз есімде. Қызық, бірақ не айтқаныңыз есімде жоқ. Сіздің риясыз әдемі күлкіңізге арбалып қалғандай болдым. Қатты қызарып кеткенімді байқаған боларсыз, Жалт етіп бір көз тастадыңыз да ішке ендіңіз. Ал мен болсам.... түлкіден қашқан көжек сияқты үйге асықтым. Күлмеңіз, теңеуім сәтсіз шыққан болар, бірақ қорқып кеттім. Дәлірек айтсам ұялып кеттім. Үйге жеткенше жүрегімнің дүрсілін тыңдаумен болдым... Содан бері қолшатырыңыз менде. Өткенде қайтарам деп ойладым, тіпті бірнеше мәрте оқталғанмын. Бірақ, сөге көрмеңіз, маған да тым құрығанда бір сыйлық қалғаны дұрыс деп шештім. Талай рет лақтырып тастағым келген, әсіресе сізге қатты өкпелеген күндері. Әсіресе, есіңізде болар, менің туылған күніммен құттықтамаған күні. Сізге қатты жыным келген. Жай ғана басыңызды изеп, өте шықтыңыз. Тым құрығанда жағдайымды сұрағанға жараған жоқсыз. Неткен қатігез едіңіз. Әрине, сол күні туған күнім екенін білген жоқсыз. Бірақ сол күні кешке сіз жұмыстан қайтқан кезде тағы жолықтық. Шағын ғана туған күн кешін жасап, құрбыларымды шақырған едім. Соларды шығарып салып есік алдында тұрғанда білуіңіз керек еді. Бірақ жалған жымиып өте шықтыңыз. Қабағыңыз қатулы екенін мен байқадым. Сіз үшін көңілім құлазып қалды. Сол түні жыладым. Сізді уайымдап жыладым деп айтар едім, бірақ олай емес. Мені елемегеніңіз үшін қатты ашуландым. Ренжімеңіз, ол кезде ешнәрсені түсінбейтін кішкентай қыз шығармын, алайда одан кейін де көп ренжіттіңіз мені. Айта берсем көп, жіпке тізгендей бар өкпемді тарқатпай ақ қояйын, өкпешіл қыз деп жазғырып жүрерсіз. Одан бері қаншама уақыт өтті. Кім білген, мен шынымен өкпешіл қыз болармын. Әлде ғашық адамның бәрі осылай ма екен. Не болса да есімде көп қалғаны сізге ашуланған күндерім көп сияқты... Сізді не үшін жақсы көретінім өзіме де түсініксіз. Асып бара жатқан сұлу да, сымбатты да емессіз. Көп сарының бірі ғанасыз. Рас, күлкіңіз әдемі. Баск жұртының сенімі бойынша, адамның күлкісі қаншалықты әдемі болса, жүрегі соғұрлым таза болады екен. Баск деген ұлт қазіргі Каталонияның байырғы тұрғындары. Мұны сіз білуіңіз керек. Себебі сіз ақылдысыз. Оған күмәнім жоқ. Ақылсыз адамнан сәулетші шықпас еді. Сізді сол күлкіңіз үшін, жүрегіңіздің тазалығы үшін жақсы көретін шығармын. Білмеймін. Ол да мүмкін. Осы туралы көп ойланғам. Сіз танымайсыз, бірақ қазір университеттегі маған көз салып жүрген жігітті біздің группаның қыздарының бәрі әдемі деп тапқан. Бірақ көптің көңілінен шықса да маған жақпай-ақ қойды сол жігіт. Аққұба, ұзын бойлы, сымдай тартылған сымбатты болса да, сіздің қасыңызда түкке де тұрмайтын сияқты. Неге екенін айтайын ба.... Бойында титтей де қарапайымдылық жоқ. Мен үшін қарапайымдылықтан асқан сұлулық болмайды. Оны мен сізден үйрендім. Сіздің қарапайым ғана болмысыңызға қарап түсіндім. Ал ол жігіт тым асқақ, әрі мақтаншақ. Өзін тым асқақ ұстаса-ақымақтығы. Ал мақтаншақ адам қашан да парықсыз. Білесіз бе, мен сізден көп нәрсе үйрендім. Мұңдана тұрып күлуді үйрендім бастысы. Неге сіздің көзіңіз үнемі мұңайып жүреді? Қашан көрсем де тұнық жанарыңызға жауапсыз мұңды ұялатасыз да жүресіз. Аулада кездесіп қалған сайын үнемі ойлы көзқарас. Өлі көзқарастан гөрі ойлы көзқарас анағұрлым жақсырақ деп өзімді алдарқатам. Алайда жүрегім сізді уайымдап сыздаумен болады. Сол ойлы жанарыңызда жалт еткен бақыт ұшқынын алғаш рет сол күні байқағам... Сіздің үйленген күніңізді. Сол күнді ұмытқым келеді. Сіз ешқашан менікі болмайтыныңызды сол күнге дейін еш мойындамай келген едім. Біле тұрып мойындамағам. Бірақ сол күні бәріне нүкте қойылды. Сол күні шын жыладым. Сізді қатты қызғандым. Қасыңыздағы ботакөз қызды қатты жек көрдім... Сол күні алғаш рет сіздің бақыттан алаулай жанған жүзіңізді көрдім. Шын бақытты едіңіз. Сіздің бақытыңызды қызғанды деп ойлап қалмаңыз. Мүлде олай емес. Бар болғаны өзімнің сізбен бақытты болмайтыныма жыладым. Сүйген адамыңның бақытты болуына шын қуану махаббаттың шын белгісі дейді. Бірақ мен қуана алмадым. Себебін сіз бәрібір түсінбейсіз... Бәлкім мен сізді шын сүймейтін шығармын. Мүмкін бұл бар болғаны-жай ғана жылт етпе сезім ғана шығар. Мүмкін. Қаншама жүрек болса, соншалықты махаббат болады деген екен Горький. Мен осыған сенем. Әркім әртүрлі жақсы көреді. Мен сізді қығана отырып жақсы көрем. Ол үшін ренжиді деп ойламаймын. Себебі жақсы көрудің ешқандай жазылып қойған заңдылығы да, шарттатры да, ең бастысы шегі де жоқ. Мысалы менің группадағы құрбым Айдана тамсанып жақсы көреді. Бұл менің Айданың жігітіне деген сезіміне берген сипаттамам. Өйткені Айдана үшін жігіттерге қояр ең алғашқы талабы-жетістігі. Көп нәрсеге қол жеткізген жетістігі мол азаматты жігіттің сұлтаны деп табады. Жетсістікке жетуге потенциалы, қабілеті мол, бірақ әлі ауыз толтырып айтар жетістігі жоқ жігіттер есепке алынбайды. Бәлкім Айдананікі дұрыс шығар. Бақыт деген ол жеңіс. Немесе жеңіс үшін өткізілген күрес. Жетістікке ақылды, талапты да таланатты адамдар ғана жетеді. Ұтымды талғам. Мен құрбымды сөкпеймін. Кейбір адамдар ішімен, енді бірі-сыртымен жақсы көреді. Мен өзімді ішіммен жақсы көретіндердің қатарына жатқызамын. Сізді үнсіз, жылап жақсы көремін... Бірақ мұны сіз ешқашан білмейтін боласыз. Сізге жазған бұрынғы сан жүз хаттарым секілді, бұл хатым да отқа жазылады. Өзімнен басқа ешкім оқымайды. Не үшін жазатынымды білмеймін. Бүгін тағы да жаңбыр. Сізді сағынамын. Ертең тағы хат жазам сізге арнап. Бірақ оны сіз оқымайсыз. Ал мен сізді сағынуды жалғастыра берем. Себебі сізді сағыну-өмірімнің мәні. Қош болыңыз деген сөздерді күтпеңіз. Менің қиялымда екеуміз мәңгі бірге боламыз. Бар айтарым сол ғана. Сізге тек рахмет айтамын. Сіз маған шын ғашық болуды үйреттіңіз. Рахмет. Қиялымда кездескеше... Менің қиялымда! Сәлемнен сіз есімін білмейтін көршінің кішкентай қызы

Теги:

Теги других блогов: